Translit
Раздел "Translit", это онлайн-сервис автоматической транслитерации с кириллицы на латиницу согласно разработанной последней версии казахско-латинского алфавита.
Далее

Ресми-іскери стиль – қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бір тармағы

24.02.2020
/
скачан 1108 раз
Теги:

Ресми-іскери стиль – құқықтық, саяси, өндірістік, әкімшілік, қоғамдық қызметтерде және халықаралық қарым-қатынастарда қолданылатын, қоғамда қалыптасқан экстралингвистикалық факторлардың ықпалымен қазіргі кезеңде ішкі тармақтарының (подстильдерінің) тарамдалуы, стильдік белгілерінің айқын көрініс табуы жағынан күрделі тармаққа айналып отырған қазақ әдеби тілі функционалдық стильдерінің бірі.

Осыған байланысты ресми-іскери стильдің өзіндік стильдік белгілері былайша анықталады:

– стереотипті тілдік құралдардың жан-жақты пайдаланылуы, яғни ресми-іскери стильдің стильдік белгісіне стереотипизация және дәстүрлілік тән; әсіресе құжаттардың сыртқы формасы стереотип болып табылады (әртүрлі бланкілер үлгілері, келісімшарт, өсиет жазудың стандарттары). Стереотипизация мен дәстүрлілікті мәтінде тұрақты қолданылатын графикалық тәсілдер де: мәтіннің абзацтарын нөмірлеу; тақырыптық бөлшектерге бөлу – жатады.

– баяндау тәсілдері үшін міндеттілікті білдіретін тілдік құралдардың қолданылуы, мыс., бұйрықта – императив тұлғалар; заңда, ережеде – орындалуды жүктейтін мағынаны білдіретін тұлғалар;

– эмоционалдық бояудың барынша бәсеңділігі, яғни ресми-іскери стиль мәтіндерінде образды сөздер, эмоционалды-экспресивті тұлғалар қолданылмайды;

– лексикалық құрамының шектеулі болуы, яғни ресми-іскери стильде ақпаратты нақты жеткізе алатын сөздер тура мағынасында қолданылады;

– терминдердің жоғары жиілікпен қолданылуы;

– ойды аяқтаушы және дәнекерлеуші тілдік құралдардың жоғары жиілікте игерілуі.

Осы аталған ереже-белгілер қазақ ресми-іскери стилінің ішкі сапалық сипаттамасын жасап, оның стильдік белгілерінің барынша шектеулі екендігін көрсетеді.

Ресми-іскери стильдің жіктемелік белгілері

Әдеби тілдің функционалдық стильдерін бір-бірінен айырмалап көрсететін нақты белгілердің болатындығы анық. Әрбір функционалдық стильдің өзіне тән жіктемелік белгілері бар, олардың бірқатары жетекші белгілер, екіншілері қосалқы немесе ауыспалы белгілер болуы мүмкін.

Ресми-іскери стиль – құқықтық, саяси, әкімшілік, өндірістік, халықаралық қарым-қатынастардағы коммуникация үшін қолданылатын стиль.

Ресми-іскери стильдің басты белгілерін төмендегіше жинақтауға болады:

• міндеттеушілік-әміршілік немесе ресмилік;

• дәлдік;

• ықшамдылық;

• стандарттылық.

1. Ресмилік. Тұтастай алғанда, ресми-іскери тіл – қоғам мүшелерінің ресми аядағы қарым-қатынасын, қоғамның мемлекеттік, саяси, экономикалық іскери және халықаралық қарым-қатынастарын құжат түрінде рәсімдеу арқылы қоғамдағы жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың арасындағы әлеуметтік жүйені қалыптастырады, ал оған әлеуметтік рөл үшін ресмилік тән. Ресмилік қоғам мүшелерінің, жеке тұлғалардың әлеуметтік, вербалды және бейвербалды мінез-құлықтарын танытады. Ресмилік немесе міндеттеушілік-әміршілік сипат жеке тұлға мен заңды тұлғаның бостандығына шекара қойып отырады, коммуникацияның ресми сипаты кезінде тілдік құралдар белгілі бір шектеулі түрде дәстүрлі, стандартты нысанда қолданылады. Әдеби тіл қорындағы тілдік құралдардың бейтарап мағыналы элементтері таңдалып алынады.

2. Дәлдік. Дәлдік – қолданылатын сөздің, грамматикалық тұлғаның, синтаксистік құрылымның мағыналық дәлдігі. Ресми-іскери стильде әсіресе жеке сөздің, терминнің мағынасын дәл сақтау талабы қойылады, өйткені қазақ әдеби тілі лексикасының басты айырым-белгісі – сөздердің образдылығы, көп мағыналылығы, синонимдік қатарлардың молдығы. Ресми-іскери тілде коммуникацияны жүзеге асыру барысында әдеби тіл қорындағы синонимдердің бейтарап сыңары (бұл үшін доминант сыңар таңдалынады), мағынасы нақты және образдылығы мейлінше бәсең лексема пайдаланылуы тиіс. Жергілікті тіл ерекшеліктерінен, сирек қолданылатын сөздер тобынан алынып, терминденген сөздердің мағынасын анықтап отыру да дәлдік жіктемелік межесі үшін маңызды болып табылады.

3. Ықшамдылық. Дәлдік жіктемелік белгісі ықшамдылық белгісімен тығыз байланыста. Ресми-іскери тіл үшін ықшамдылық негізгі және тұрақты белгілердің бірінен саналады. Бұл әсіресе жазбаша нысанда анығырақ көзге түседі. Ықшамдылықтың басты меже болатын себебі – ақпарат неғұрлым шапшаң декодталуы (декодирование) қажет, коммуникацияға қатысушы ақпаратты ықшам түрде жеткізуі үшін қысқарған сөздерді, қысқарымдарды қолданады. Жеделхатта немесе телефакста тілдің үнемдеу заңдылығы басшылыққа алынып, сөздің сөз тіркесінің, сөйлемнің көлемі барынша ықшамдалады, алайда ықшамдалған тілдік құрал ақпаратты барынша кең қамтуы міндетті. Дамыған тілдерде ықшамдылыққа қол жеткізу үшін игерілетін, практикада тұрақталған қысқарту, ықшамдау үлгілері бар.

4. Стандарттылық. Тілдік құралдардың стандарттылығы – ресми-іскери стильге мейлінше тән сипаттардың бірі. Тіл ғылымында “стандарт”, “клише” және “штамп” ұғымдары қатар түсіндіріледі. “Клише – қарым-қатынас жасау барысында сөйлеу ситуациясында оңай айтылатын дайын сөйлем орамы, сөздер тіркесі, стереотип”, ал “штамп – тілдің өңделіп ажарланған, тұрақты қалыптасқан құралы (дайын элементі). Кез келген сөз, сөз тіркесі, сөйлем жиі қолданудың нәтижесінде штамп бола алады.

Чат-бот