Академиялық жазудың басты мақсатының бірі – студентті ғылыми мақала жазуға баулу. Ғылыми мақала жазу – оңай емес, ол өзіне жазуға дейінгі ойлау элементтерін қосатын, тілден тыс жатқан логикалық құбылыстармен де байланысы бар күрделі үдеріс. Ғылыми мақала жазуды санада белгілі бір тақырып жайында ойды қорытуға қабілеті бар жеке тұлға ғана іске асыра алады.
Ғылыми мақала жазу тек сауатты жаза білумен шектелмейді, ең әуелі ол ойлау дағдысын, сондай-ақ жазу барысындағы біліктілікті игеруден көрінеді және жазудан кейінгі атқарылатын жұмыстарды да жетік меңгеру қажет. Осылай еткенде ғана ғылыми мақала жазуды ұйымдастырудың басты тетіктері мейлінше кең көрініс таппақ, үйрету әдістемесі де неғұрлым толыққанды болмақ. Сондықтан ғылыми мақала жазудың басты әдістерін үш мәселе төңірегінде қарастырамыз. Осы үш нәрсе бойынша студенттер қажетті дағдыларды қалыптастыра алса, ғылыми мақала жазу барысында ілгерілеушілікке ие болады. Олар:
1) Жазуға дейінгі дағдылар;
2) Жазу кезіндегі дағдылар;
3) Жазудан кейінгі дағдылар.
1. Жазуға дейінгі дағдылар ойлау, есте сақтау, тақырыпты логикалық бөліктерге ажырата алу және ауызша жеткізе білу тәрізді әрекеттермен байланысты. Сондықтан практикалық бағытта орындалатын тапсырмалар осы мәселелердің айналасында іске асуы тиіс, солар бойынша дағдылар қалыптастыруды көздейді. Жазылымның сөйлеу әрекеттерінің басқа түрлеріне қарағанда (сөйлесім, оқылым, тыңдалым) әлдеқайда күрделі және содан кейін, осы әрекеттердің негізінде жүзеге асатынын ескерсек, аталған дағдыны студенттің бойында қалыптастыру аса маңызды болып табылады. Бұл дағды – нақты жазуға апарар жол болмақ, осы жолда шыңдалмаған үйренуші жазу барысында да кейбір қателіктерге ұрынуы әбден мүмкін.
2. Жазу кезіндегі дағдылар жазбаша ғылыми қарым-қатынас барысында қолданылатын әртүрлі мағыналық құрылымдарды үйретуге арналады. Құрылымдық-мағыналық топтарды функционалдық аспектіні негізге ала отырып, деңгей бойынша және негізгі, аралық, шеткері аймақтарда қолданылатын тілдік құралдарды ажыратып оқытқан дұрыс. Сонымен бірге ғылыми және ғылыми-көпшілік мәтіннің баяндалу типтерін де назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Өйткені тәжірибе барысында таза ғылыми мәтіндермен қатар ғылыми-әдеби (көркем), ғылыми-публицистикалық, ғылыми-құжаттық мәтіндердің кездесіп отыруы заңды, осы орайда біздің міндетіміз – осылардың барлығына ортақ, оқыту өлшемдеріне лайық, типтік мәтіндерді дұрыс іріктей алуымызда болса керек. Бұған қоса әрбір тілдің ерекшелігі болатыны тәрізді, қазақ тілінің де ұлттық ойлау жүйесіне тән ерекшеліктердің тілдегі көріністерін және мұның ғылыми-көпшілік мәтіндерге де тән болып келетіндігін ескереміз. Әрине, бір баяндаманың көлемінде осының бәрін кең көрсету мүмкін емес, сондықтан біз аталған мәселелердің кейбіріне ғана тоқталамыз. Ғылыми-көпшілік мәтіндердегі баяндау типтері: сипаттау, хабарлау, талқылау болып келетіні белгілі, сондықтан олардың мазмұндық және тілдік ерекшелігін дәріс алушы өзінің санасына сіңіру керек, белгілі бір дәрежеде білім болуы шарт. Мағыналық қатынастар қазақ тілінде көп, айталық, бағалауыштық, себеп-салдарлық қатынас, салыстыру, дәлелдеу, сілтеме, түсіндіру (санамалау), қорытындылау т.б. Соның ішінде, себеп-салдарлық қатынасқа тоқталып көрелік. Себеп-салдарлық қатынас – ғылым, ғылыми-көпшілік тілде қолданылатын негізге мағыналардың бірі. Олай болатын себебі ғылымда себепсіз ешнәрсе жасалмайды, ешқандай салдар болмайды. Салдардың көрінуіне негіз болатын себеп те жасалу тәсілі жағынан, мағыналық реңкі жағынан әртүрлі болып келеді. Себеп-салдарлық қатынас себеп пен салдардың ара жігі айқын көрінетін құрмалас сөйлемдер арқылы ғана емес, жай сөйлемдердің де мағынасынан нақты көрініп тұрады. Мысалы: Өсімдіктерде күрделі химиялық реакциялар болады деген сөйлемді алалық. Сөйлемде салдар (нәтиже) берілген, ал оның себебін мамандар жақсы біледі: Күн энергиясының әсерінен өсімдіктерде күрделі химиялық реакциялар болады. Осы орайда себеп зат сапасынан, қасиетінен туындайтын қорытынды себеп ретінде танылады. Тақырыпқа орай үлгі ретінде мынадай жаттығуларды ұсынуға болады: 1. Төменде салдар берілген, себебін өзіңіз жазып көріңіз. Күн мен түннің алмасуы болады... ... тірі организмде ауру пайда болады. ... дене өзінің формасын өзгертеді. Өнім шығару ұлғайды... Техника адам болмысын билеп алды... 2. Себептіліктің қандай салдарға әкелетінін жалғастырып жазыңыз. Ғылым мен бизнестің берік байланысы нәтижесінде ... Біз ата-аналарға мүмкіндігінше жазалаудан аулақ болуды ұсынамыз ... Білім ошақтарындағы дұрыс оқытудың нәтижесіне байланысты ... Бесіктегі баланың денесі құрғақ болғандықтан ... Алғашқы көшірме аппараттары кең қолданысқа ие бола алмады, ... Ғылыми, ғылыми-көпшілік мақала жазу барысында осындай құрылымдарды пайдаланбау мүмкін емес, сондықтан олардың әрқайсысын жазу барысында тыңғылықты үйрену қажет. Жазу кезіндегі үйренуге тиіс мәселелердің бірі – ғылыми және ғылыми көпшілік жұмыстардың құрылымы. Барлығымызға белгілі, ғылыми бағытта жазылатын жұмыстар кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан тұрады, алайда бір қарағанда, белгілі болып көрінетін осы жайт нақты тәжірибе барысында едәуір қиындықтар туғызып жатады. Дәріс алушы аталған құрылымдық бөліктердің тілдік, мазмұндық ерекшеліктерін білмейді, сол білмегендіктен жазған жұмыс өзінің коммуникативтік мақсат-міндетін дұрыс орындамайды. Жоғарыда сөз болған мағыналық бірліктердің осындай құрылымға қатысы бар екендігін айта кеткен жөн, әрбір бөлім өзіндік тілдік және коммуникативтік ерекшеліктен тұратынын ескерген жөн. Мәселен, бағалауыштық тілдік құрылымдарды алалық. Ғылыми, ғылыми-көпшілік мәтіннің қай бөлігінен болмасын бағалауыштық құрылымдарды табуға болады. Бағалауыштық құрылымдар жекелеген сөздер, сөз тіркесі, оралымдар, қыстырма тұлғаларында қолданылады. Тақырыптың өзектілігін білдіретін бағалауыштық құрылымдар көбінесе кіріспе бөлімде жұмсалады. Мұндай құрылымдар, әдетте, белгілі бір мәселенің зерттелу барысын баяндау барысында қолданылады: зерттеу маңызды, ... зерттеу аса//өте маңызды, ... алатын орны орасан зор, бүгінгі күннің өзекті тақырыбы, бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отыр, бүгінгі күн талаптарының бірі, орынды, үлкен сұранысқа ие болып отыр, өзекті, сөзсіз, даусыз, қажет, мүмкін, ықтимал т.б. Өз дәлелдемелерін ұсыну, негіздеу барысында менің ойымша, меніңше, біздің көзқарасымызша, біздіңше деген қыстырмалар арқылы берілетін бағалауыштық құрылымдар, олар автордың өзіндік көзқарасын білдіру үшін жиі пайдаланылады және көбінесе негізге бөлімге тән болып келеді. Сондайақ, эмоционалдық мәндегі бағалау да кездеседі: өкінішке орай, өкінішті т.б.
3. Жазудан кейінгі дағдылар. Редакторлық жұмыстар, өз жұмысына басқаның көзімен қарай білу, жазба жұмыста кездесетін стилистикалық-функционалдық белгілерді нақты айқындау т.т. дағдылар – жазудан кейінгі дағдылар қатарына жатады. Бұл кезеңдегі жұмыстар негізінен дайын мәтіндермен жүргізіледі, дәріс алушы дайын мәтіндерді функционалдық және коммуникативтік белгілеріне қарай ажырата білу керек, бұл дағды әртүрлі редакторлық немесе стилистикалық өңдеулер негізінде дамытылады. Қорыта келгенде, жазу болашақ мамандардың кәсіби біліктілігін, лингвистикалық сауаттылығын танытатын маңызды тұстардың бірі. Сауатты жазуды үйрену қандай мамандық болмасын дағдыланатын жалпы филологиялық мәні зор сапалық өлшем болып табылады. Сондықтан оған үйрету, баулу жолдарын жетілдіру – тілдік курстардың басты міндеттерінің бірі.
Сарқыт Әлісжан, Назарбаев Университеті,
филология ғыл. докторы