Қ о с ы м ш а л а р д ы ң жазылуында мына мәселелерге көңіл аударуға болады. Қазақ тілінде қосымшалар, негізінен, үндестік заңы бойынша жалғанады. Қосымшаның жуан не жіңішке жалғануына келгенде, түбірдің соңғы буынындағы дауыстының жуан-жіңішкелігі ескеріледі: кі - тап + тың, мұға - лім + нің, ки - но + ға, те - атр +ға. Бірақ қосымшалардың буын үндестігінен ауытқып жалғанатын тұстары да бар. Мұндайда қосымша сөздің соңғы буынындағы дауысты дыбыстың жуан-жіңішкелігіне қарай емес, соңғы дауыссыз дыбыстың (не дыбыстардың) жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанады. Бұл құбылыс әсіресе орыс тілі арқылы енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда айқын байқалады. Мысалы, руль, ось деген сөздердегі дауыстылар жуан болғанмен, бұлардың соңындағы дауыссыздар жіңішке айтылатындықтан, қазақ тілі қосымшалары да жіңішке жалғанады: рульдің (рульдың емес), рулі (рулы емес), жердің осі (осы емес). Соңғы дауыссыздың жіңішкелігіне қарап қазақ тілі қосымшасын жіңішке жалғау ль дыбысына аяқталатын көп буынды сөздерге келгенде тек тәуелдік жалғауларына қатысты болады, яғни магистраль, фестиваль сияқты соңғы буыны жуан көп буынды сөздерге дауыссыздардан басталатын қосымшалар жуан жалғанады да, дауыстылардан басталатын тәуелдік жалғаулары жіңішке жалғанады: магистраль + ға, магистраль + дық, бірақ магистралі, фестивальға, бірақ фестивалі.
Қ о с ы м ш а л а р д ы ң жазылуында бір көңіл қоятын нәрсе – олардың кейбір тұлғаларға дефис (жарты сызықша) арқылы жазылатындығы. Әріптерден қысқарған сөздерге қосымшаның дефис арқылы жалғанып жазылуы – қалыптасқан ереже. Осымен бірыңғайлас болу үшін шартты белгілерге де, объект болып тұрған әріп, буын сияқты жеке тұлғаларға да қосымша жалғанғанда, дефиспен жазу керек: 10 см-ге, 20°-қа; и-дің жазылуы (и әрпінің жазылуы), да-ға қарағанда (да шылауына қарағанда) т.б.
Тәжірибеде пайызды (процент), градусты таңбалар арқылы, ал бірсыпыра өлшем атауларын шартты әріптер арқылы белгілеу, басқа тілдердегідей, қазақша жазуда да бар. Мысалы: 5% (5 процент бұл сөз пайыз деген вариантта да қолданыла бастады), 20° (20 градус), 15 см (15 сантиметр), 250 га (250 гектар), 220V (220 вольт), 10А (10 ампер), 5W (5 ватт). Жазу тәжірибемізде көбінесе осы сөздер атау тұлғасында қолданылғанда, шартты белгілер арқылы жазылады да, соларға қосымша қосыла қалса, толық жазылатыны жиі кездеседі: 5%, ал 5 процентке немесе 5 пайызға; 10А, ал 10 амперге. Бұл шартты белгілермен берілген сөздерге де қазақ тілі қосымшаларын жалғағанда, оларды “ашып” жібермей-ақ, қосымшаны сол таңбалардың өзіне дефис арқылы тіркеп жазуға болады. Оқығанда таңбалар жеке әріп түрінде оқылмай, толық сөз түрінде оқылады. Мысалы: 5 см-ді, оқылуы – бес сантиметрді (5 эсэмді емес), 5 А-ге, мұның оқылуы – 5 амперге (5 аге емес), 17°С-ге оқылуы – 17 градусқа (цельсийше 17 градусқа). Негізінен бұл қосымшалар таңбаның (әріптің) дыбысталу әуеніне қарай емес, сол әріп арқылы таңбаланған сөздің әуеніне қарай жалғанады. Мысалы: 5 А-ге (бес амперге), егер а дыбысының әуеніне қарай жалғанса, 5А-ға болар еді.
Рәбиға Сыздық// Қазақ емлесінің кейбір мәселелері