Лексикалық тіркесімділік деп сөздердің бір-бірімен байланысу қабілетін айтады. Сөздердің тіркесімділік қасиеті тілдік жүйенің ішкі семантикалық заңдылықтарымен анықталады. Тіл деңгейінде сөздің белгілі бір грамматикалық форма мен синтаксистік құрылымдарда басқа сөздермен семантикалық немесе грамматикалық белгілері арқылы тіркесімділігі сипатына қарай лексикалық және грамматикалық тіркесімділік деп топтастырылады. Оның ішінде лексикалық тіркесімділік сөздердің семантикалық қасиеттерімен, грамматикалық тіркесімділік синтаксистік белгілерімен анықталады. Синтагматикалық қатынастағы сөздердің лексикалық және синтаксистік тіркесімділіктерінің ерекшелігі тіркесімділіктегі сөздердің өзі белгілейтін ұғыммен арақатынасына байланысты сипатталады.
Сөздің лексикалық тіркесімділігі сөз бен ол арқылы белгіленетін зат не құбылыстың арасындағы заттық-логикалық байланыс арқылы жүзеге асады. Мысалы, үй – салу, орындық – отыру, жаңбыр – жауу, боран – соғу, ит – үру, т.б. Мұндағы зат пен қимыл атауларының арасындағы заттық-логикалық байланыс олардың лексикалық тіркесімділікке түсуіне негіз болып тұр. Егер үй – жауу, орындық – үру, жаңбыр – салу, т.б. десек, бұлардың арасында ешқандай логикалық байланыс болмағандықтан, олар лексикалық тұрғыдан тіркесімге де түспейді. Бұдан тілдің синтагматикалық жүйесіндегі лексикалық тіркесімділікке сөздердің арасындағы заттық-логикалық байланыстың белгілі бір дәрежедегі ықпалы көрінеді. Сөздердің тіркесімділік шегі ондағы лексемалардың семантикалық белгілерімен байланысты анықталады. Мысалы, күшті адам, қатты жел, мықты өндіріс т.б. Мұндағы өзара мәндес сын есімдер зат есімдермен семалардың үйлесімділігі негізінде тіркесімділікке түскен. Бірінші тіркестегі сын есімді екінші тіркестегі сын есіммен ауыстырсақ, онда тіркесімділік мағыналық жағынан өзгеріске түседі. Бұл жағдай үшінші тіркеске де (мықты (бірақ қатты емес) өндіріс) қатысты. Сондықтан лексикалық тіркесімділік үшін сөздердің мағыналық жағынан сәйкестігі аса маңызды. Сөздің лексикалық тіркесімділігінің бұзылуы көп жағдайда көп мағыналы сөздердің дұрыс қолданылмауымен байланысты түсіндіріледі. Сөз негізгі мағынасында өзіне мағыналық жағынан сәйкес кез келген басқа сөзбен еркін тіркесімділікке түседі. Мысалы: таза су, таза қағаз, таза жер. Ал ауыспалы мағынасында таза ой, таза жүрек, таза ниет тәрізді санаулы сөздермен ғана тіркесімділікке түседі.