Translit
Раздел "Translit", это онлайн-сервис автоматической транслитерации с кириллицы на латиницу согласно разработанной последней версии казахско-латинского алфавита.
Далее

Орыс тілінен енген сөздерге қосымшалардың жалғану реті

13.08.2020
/
скачан 1706 раз

1. Соңғы буынында (бір буынды сөздің өзінде) у дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жуан жалғанады: курс-қа, авто-бус +қа, инсти-тут +қа, кани-кул +ға, тай-фун + ның, шу-руп + ты. Бұл ережеге г дыбысына аяқталатын сөздер мен жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздер және бль, ль дыбыстарына аяқталатын сөздер бағынбайды, оларға қосымша жіңішке жалғанады: ок-руг-ке, руль-ге, пат-руль+ге, ансамбль+ге, ансамблі.

2. Соңғы буынында (не бір буынды сөздің өзінде) и дыбысы бар орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады: кас-сир + ге, синтак-сис+тік, маг-нит+тік, каль-ций+дің, маг-ний+ге, Горький+ге, Маяков-ский+ге.

3. ог, уг дыбыстарына аяқталған сөздерге қосымша жіңішке жалғанады: педагогке, педагогі, педагогтік, округке, округі, округтік.

4. Орыс тілінен енген рк, рг, ск, кт, кс, нк, нг, лк, нкт деген дыбыстар тізбегіне аяқталған сөздерге қазақ тілінің қосымшалары жіңішке жалғанады: паркке, парктер, Омскіге, Омскіден, киоскіге, киоскісі, фактіге, фактісі, танкіге, танкілер, полкке, полктер, полкі, пунктке, пункті.

5. Жіңішкелік белгісіне аяқталған көп буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады, яғни сөздің соңғы буыны жуан болса, қосымша жуан, соңғы буында жіңішке дауысты дыбыс болса, қосымша да жіңішке жалғанады: ла-герь+ге, ла-гер+і, банде-роль+ға, фести-валь+ға.

Е с к е р т у. Жіңішке ль дыбысына аяқталатын сөздерге тәуелдік жалғаулары (яғни дауыстыдан басталатын қосымшалар) сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарамай, тек қана жіңішке жалғанады: дизель+і – дизелі, дизеліміз, фестиваль+і – фестивалі (бірақ: фестивальға, фестивальдан, фестивальдық), магистраль+і – магистралі (бірақ: магистральға, магистральдық). Соңғы екі дауыссыздың арасында жіңішкелік белгісі бар сөздерге де қазақ тілі қосымшалары буын үндестігі бойынша жалғанады. Мысалы: вальс+қа, вальс+ты, вальс+ы, асфальт+қа, асфальт+ы, рельс- +ке, рельс+і.

6. кль, брь, бль тәрізді дауыссыз дыбыстар мен жіңішкелік белгісіне аяқталған сөздерге және жіңішкелік белгісіне аяқталатын бір буынды сөздерге қазақ тілі қосымшалары әрдайым жіңішке жалғанады: ансамбльге, тюльді, тюлі, оське, осінің, ткань (биология термині), тканьге, ткані, княздік, князі, верфьке. Орыс тілі жұрнақтары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі л әрпінен кейін жазылатын сөздерге қазақ тілі жұрнақтары жалғанғанда, жіңішкелік белгісі жазылмайды: материальный – материалдық, феодальный – феодалдық, коммунальный – коммуналдық, патриархальный – патриархалдық. Ал жұрнақтар жалғанбай-ақ түбірдің өзінде л-дан кейін жіңішкелік белгісі келетін сөздерде бұл белгі сақталады: моральный – моральдық, артельный – артельдік, акварельный – акварельді.

7. Соңғы буынында ю, ё, э дауысты дыбыстар келетін орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары жіңішке жалғанады: полюс-ті, полюс-ке; шлюз-ді, шлюз-ге; дюйм-ге, дюйм-і, велюр-ге, велюр-ді, парашют-ке, парашют-тер, парашют-і, актёр+лер, актёр-ге, дуэль-ге, дуэль-і, дуэт-ке, дуэт-і.

8. П, х дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда, п, х дыбыстары ұяңдамайды: принцип+і – принципі, тип+і – типі, окоп+ы – окопы, грипп+і – грипі (жұқты), телескоп+ы – телескопы, цех+ы – цехы, алманах+ы – алманахы, шах+ы – шахы.

9. нд, нз, нк, нг, мп, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: фонд+ы+сы, фонд+ы+ны, ценз+і+ге, ценз+і+сі, штамп+ы+ны, штамп+ы+лау, танк+і+ге, танк+і+лер, франк+і+сі, митинг+і+ге, митинг+і+сі, шланг+і+ге, шланг+і+сі, ромб+ы+ға, ромб+ы+сы, объект+і+ге, объект+і+сі, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+ті+ге, манускрипт+і+ге, почтамп+ы+ға, экспромт+ы+ны, фармацевт+і+ге, ямб+ы+ны.

10. Қатар келген дауыссыз дыбыстар тіркесінің қалған түрлеріне (нс, рс, рт, рш, нт, рд, рм, фр т.б.) аяқталған кірме сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекерінсіз, буын үндестігі бойынша тікелей жалғанады: финанс+қа, финанс+ы, аванс+ы (авансысы емес), цемент+ке, цемент+ті, фермент+тік, цифр+ға, цифр+ы (цифрысы емес); хлороформ+ға, хлороформ+нан, хлороформ+ы, фунт+қа, фунт+ы, формант+тар, формант+ы.

11. сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зд, кк дыбыстарына біткен орыс тілінен енген жалпы есімдер атау күйінде өзгеріссіз жазылады да, оларға қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда соңғы дауыссыз дыбысы түсіріліп жазылады: кросс, кросқа, кросы, класс, класқа, кластар, класы, металл, металды, металы, грамм, грамм +ға – грамға, грам м+дық – грамдық, грамм +ы – грамы, киловатт+қа – киловатта, грипп +і – грипі, съезд+ге – съезге, съезд +і – съезі, ведомость+ка – ведомосқа. Бірдей қос дыбыстарға аяқталған жалқы есімдерге қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда, қос әріп сақталып жазылады, тек қосымшаның басқы дауыссыз дыбысы түбірдегі қос дыбыспен бірдей болғанда ғана, үш біркелкі әріп жазылмай, екеуі жазылады: Гримм+ге – Гриммге, Гримм+ді – Гриммді, Гримм+мен – Гриммен (Гримммен емес), Покрасс+тың – Покрасстың, Покрасс+қа – Покрассқа, Кирилл+ге – Кириллге, Филипп+тің, Филипп+пен – Филиппен (Филипппен емес), Кузбасс+тың – Кузбасстың, Донбасс+қа – Донбассқа.

 

Сыздықова Рәбиға. Қазақ тілінің анықтағышы

Глоссарий к тексту
  • Орыс тілі
    Русский язык
Найти словосочетание
Чат-бот