Күрделі атаулар – кемінде екі сөздің бірігуі, қосарлануы және тіркесуі арқылы жасалып, атауыштық қызмет атқаратын лексикалық бірліктер.
Қазіргі қолданыстағы күрделі атаулардың негізгі қатары бұрынғы мағынасының кеңеюі немесе тарылуы не болмаса мағыналық жағынан мүлде жаңа сипатқа ие болған сөздерден құралады. Олардың арасында жаппай қолданысқа түсіп, тілде орныға бастағандары да, сондай-ақ бірнеше балама атаулармен қатар қолданылып жүргендері де бар.
Жалпы күрделі сөздердің біріккен, қосарланған және тіркескен сөз тәрізді түрлерге бөлінуі оларды құрауға негіз болатын сөздердің бір-бірімен байланысу сипатына қатысты. Ал күрделі сөздердің атауыштық қызметі олардың біртұтас тұлғада белгілі бір затты, құбылысты атап көрсетуімен анықталады.
1) Атауыштық сипаттағы күрделі сөздерді ресми атаулардағы сипатына қарай мынандай топтарға бөліп қарастыруға болады:
1. Мемлекет, республика, облыс, өлке атаулары;
2. Мемлекеттік басқару органдары мен халықаралық ұйым атаулары /ҚР Президентінің Әкімшілігі, ҚР Конституциялық Кеңесі, Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесі т.б./;
3. Мәдениет мекемелері мен қоғамдық ұйым атаулары /Опера және балет театры, Қазақстан Жазушылар одағы т.б./;
4. Құрметті атақтар атаулары /Халық Қаһарманы, «Алтын алқа» белгісі, Қазақстанның халық жазушысы т.б.
2) Тіл жүйесінде сөздерді біріктіру арқылы жасалған күрделі атаулар жиі кездесіп, іс қағаздарында белсенді түрде қолданылады.
Мұндай жағдайда, яғни біріккен сөздер мен тіркескен сөздердің аражігін «тек орфографиялық сөздік негізінде айыруға» болады.
Күрделі сөздердің атауыштық қызметке ие болуы сыртқы жағдайларға да байланысты. Сондықтан кез келген толық мағыналы сөз белгілі бір затты атамай, сол заттардың үлкен бір тобы туралы ұғымды ғана беруі де мүмкін. Мысалы, Салық комитеті, Кедендік бақылау комитеті, Халықаралық Абай қоры, Басқару академиясы т.б. Осы атаулардағы комитет, қор, академия сөздері жалпы қолданыста да бар. Ал олардың күрделі атау қызметін атқаруы екінші бір сөзбен тіркесіп, бастапқы мағыналарының жалпылануы, қолданылу жиілігі, форма тұрақтылығы /арасына басқа сөздерді кірістірмеуі/, сөйлемнің бір мүшесі болуы, соның негізінде номинативтік бірлік ретінде қалыптасуы арқылы жүзеге асады.
Күрделі атауға негіз болатын сөз тірек сыңар болып табылады. Бір тірек сөздің қатысымен жасалған күрделі атаулардың жазылу қазақ тіліндегі біріккен сөздер -ар, -лар, -лық, -ғыш қосымшаларымен келуі және тану, жанды, құмар, ақы, ара, жай, хана сияқты кейбір лексикалық бірліктердің грамматикалануы негізінде жасалады.
Қазіргі қолданыстағы біріккен тұлғалы күрделі атаулар құрамы да осындай сипатта болып келеді. Бұған тіліміздегі жалпы қолданыстағы белгілі бір сөздердің қатысуымен жасалып, тұрақты сипатқа ие болған біріккен тұлғалы атау сөздер дәлел бола алады. Мысалы, әуежай, әуежол, елжанды, елтаңба, жолсапар, жолсілтеме, ғарышайлақ, ғарышкеме т.с.с.
Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа атауларды баспасөз материалдары негізінде зерттеген еңбегінде Ш. Құрманбайұлы «жалпы термин шығармашылығында бір үлгімен жасалған біріккен атаулар санының едәуір артқандығына» назар аудара отырып, бірқатар біріккен атауларды келтіреді. Атап айтсақ,«айып» сөзінің қатысуымен жасалған айыппұл, өсімпұл, айыптұрақ, «әуе» сөзімен әуежай, әуесерік, әуедоп (волейбол), «ғұмыр» сөзімен ғұмырнама (мемуар), ғұмырбаян (автобиография), «ел» сөзімен елжанды, елжандылық, елорда, елтаным, елтаңба т.б. Бұлардың қатарында тұрақты қолданысқа ие болғандары да, бірнеше нұсқада жарыса қолданылып жүргендері де және термин жүйесінде әлі де тұрақтала қоймағандары да бар.
3) Күрделі атаулардың келесі бір түрі – қосарлану арқылы жасалған сөздер. Атаулардың бұл тобындағы сөздердің қатарында да атау қызметіне ие болып, ресми құжаттар тілінде қолданылу белсенділігімен ерекшеленетін бірліктер бар. Мысалы, сараптау- талдау, анықтама-көрсеткіш, әкімшілік-аумақтық, әскери-далалық, ғылыми-көпшілік, зымырандық-ғарыштық т.с.с.
4) Күрделі атаулар қатарында сөздердің тіркесуі арқылы жасалған екі, үш, төрт сыңарлы сөздердің де өзіндік орны бар. Күрделі атаулардың бұл тобындағы сөздерді құрамындағы сыңарларының санына қарай екі, үш және көп сыңарлы деп топтастыруға болады. Мысалы: екі сыңарлы КА:әлеуметтік сақтандыру, әкімшілік айыппұл, валюта бағамы, бағалы қағаз, ілеспе құжат т.б.; үш сыңарлы КА: әлеуметтік жеке код, баламалы электр қуаты, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, айлық есептік көрсеткіш, жалпы ішкі өнім т.с.с.; төрт сыңарлы КА: салық тіркеушінің жеке нөмірі т.с.с.
Қолданыста әлі қалыптаса қоймағандықтан, жарыспалы түрде қолданылып жүрген күрделі атаулар да кездеседі. Мәселен, іс қағаздарында, ресми құжаттарда «әлсіз топтар» түрінде жиі қолданылатын тіркестің кейде «әлсіз жіктер», «әлжуаз жіктер», «прорывные проекты» ұғымының «серпінді жобалар», «шепбұзар жобалар» түріндегі жарыспалы қолданысы.
Күрделі атаулардың бірнеше нұсқада осылайша жарыса қолданылуы бұлардың біреуінің әлі басымдыққа ие бола қоймағандығымен байланысты түсіндіріледі. Тіліміздегі бір ізге түспегендіктен, жарыса қолданылып жүрген күрделі атаулар қатарындағы мұндай қолданыстар ресми құжаттар мен іс қағаздары тіліне де әсер етеді.
5) Күрделі атаулардың келесі тобын орыс тілінен калькалау тәсілімен жасалған сөздер құрайды. Мысалы, ашық есік күні, ашық қоғам, сенім телефоны, төлқұжат үстелі, үлкен сегіздік, айлық есептік көрсеткіш, көлік құралы, жол-көлік оқиғасы, зымырантасығыш.
Күрделі сөз – қазіргі кезде араларындағы синтаксистік байланысы үзілген, семантикасы және грамматикалық қызметі жағынан біртұтас сөз /лексикалық бірлік/ ретінде қалыптасқан сөз тіркесі. Бұған біріккен /өмірбаян, қолтаңба, пікірталас, мекенжай, қағазбастылық, іссапар т.б./, қосарланған /әкімшілік-аумақтық, іс-әрекет, қадір-қасиет, қолма-қол, тепе-теңдік т.б./, тіркескен / төрелік сот, әуе қатынасы, дауыс беру, зиян шегу, күшін жою, жеке еңбек бөлінісі, табыс көзі т.б./ сөз тұлғалары жатады.
Қазақ тілінің әлеуметтік қызмет өрісінің кеңеюін тілдің орфографиялық нормаларының қалыптасып, біріздендірілуімен байланыстырсақ, бұл орайда ресми құжаттар тілінде сараланып, өзіндік белгілерімен айқындалған күрделі атаулардың да жазылу ерекшеліктерінің тілдік нормадағы орнын нақтылаудың маңызы зор.
Ғалым Р. Сыздықтың «тіл мәдениетінің ең өзекті мәселесі-тілдік норма»деген тұжырымын негізге ала отырып, күрделі атаулардың жазылу емлесінің орфографиялық норма тұрғысынан әлі де болса бір қалыпқа түсе қоймағандығын айтуға болады. Тіл бірліктері, оның ішінде күрделі атаулар да қолданыста тілдік құрылымға иек артса, тілдік құрылым тілдік жүйеге негізделеді.
Күрделі атаулардың орфографиялық нормаларға сай дұрыс жазылуына тек емле ережелерінің дұрыс я бұрыстығы ғана емес, сол ережелер қамтитын тілдік құбылыстың дәл, анық танылмауы, оның сыр-сипатының анықталмауы да кері әсерін тигізеді. Күрделі атаулардың кем дегенде екі сөзден құралып, бір мағынаны білдіретіндігі белгілі. Олардың ішінде зат есім, сын есім, сан есім, үстеулерден жасалған күрделі атаулардың жазылу емлесінде айтарлықтай қиындықтар кездесіп отырады. Мысалы, алғышарт, ауызбірлік, ауызсу, дербес шот, есепшот, жолдама құжат, жолдамақағаз, жолсапар, ресми сапар, ашықхат, ашық хат, аяқасты /болу/, әр кез, әр нәрсе, әр уақытта, әрбір, әрдайым, әркім, әртарап, әртарапты, әртүрлі т.с.с. күрделі сөздердің бірге не бөлек жазылуы олардың бір ғана немесе жекелеген ұғымды емлесінің бірдей болмайтындығына жоғарыда мысалдар келтірілді. Мәселен, бір ұғымның /кейде бір құжаттың/ атын білдіретін қағаз тірек сыңарымен келген күрделі атаулардың бірқатары бірде бірге, енді бірде бөлек жазылады: жолдамақағаз/жолдама құжат, куәлікқағаз, қатынасқағаз, мақтауқағаз, рұқсатқағаз, шақыру қағаз т.б. Себебі біріккен сөз құрамындағы қағаз сөзі өзінің дербес лексикалық мағынасынан қол үзсе, тіркескен сөз құрамындағы қағаз сөзі оның алдыңғы /шақыру/ сөзі сияқты бастапқы лексикалық мағынасынан айрылмаған.
Күрделі атаулардың жазылуындағы қиындық тек біріккен немесе тіркескен сөздердің бірге я бөлек жазылуы ғана емес, оларға қосымшалардың жалғану ретінде де кездеседі. Бұл орайда, яғни күрделі атауларға, оның ішінде күрделі атаулардан қысқарған сөздерге қосымшалардың жалғану тәртібі де бір жүйеге келтіруді, нақтылауды қажет етеді.Мысалы, БҰҰДБ-ға /Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасына/, БСҰ-дан /Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымынан/, ЕЭҚ-ға /Еуропалық экономикалық қауымдастыққа/ т.б. Салыстыра қарасақ, күрделі атаулардың толық түрі мен қысқарған түріне қосымшалардың жалғану реті бірдей емес. Қысқарған атауларға «қазақ тілінің қосымшалары соңғы әріптің айтылу әуеніне қарай, ал олардың ішінде дауысты дыбыс болса, сол дыбыстың айтылу әуеніне қарай жуан не жіңішке жалғанады да, дефис арқылы жазылады».
Күрделі атаулардан қысқарған сөздерге қосымшалардың жалғану реті олардың қысқару жолдарына байланысты. Сондықтан күрделі-қысқарған сөздердің жазылуы мен оларға қосымшалардың жалғануы мынадай ережелермен анықталады: жеке сөздердің басқы әріптерінен қысқарған атаулардың әрбір сөзі бас әріппен жазылып, қосымша соңғы дыбыстың айтылу әуеніне қарай дефис арқылы жалғанады: БҰҰ-ға, ЖШС-ға, ТМД-ға т.б.;-алғашқы сөздің басқы буынынан, соңғы сөздердің бас әріптерінен қысқарған күрделі атаулардың алғашқы қысқарған буынының бірінші әрпі бас әріппен, қалғандары кіші әріппен жазылып, қосымша соңғы дыбыстың айтылу әуеніне қарай жалғанады; ҚазТАГ-қа / Қазақ Телеграф Агенттігіне/; -күрделі атаулардың құрамындағы алғашқы сөздің басқы буыны және соңғы сөз толығымен жазылып, қосымша екінші сөздің соңғы буынының ыңғайына қарай жалғанады: пединститут-қа, педиснтитут-тан, педкеңес-ке, дискеңес-те т.б.
Айтылуы мен жазылуы ұзақ күрделі атаулардың қолданылуын жеңілдетуде қысқарған сөздер ерекше қызмет атқарады.
Күрделі сөздердің ішінде күрделі сан есімдердің де жазылу ерекшеліктері бар.Олар: 1) күрделі сан есімнің әрбір сыңары бөлек жазылады; 2) күрделі сан есімдер санмен жазылғанда оларға қосымшалар дефис арқылы үндестік заңына сәйкес жалғанады:12-ден 16-ға дейін,10-нан астам, 25-ке толды, 30-дарда т.с.с.
Бірақ күрделі сан есімдерге қосымшалар үнемі дефис арқылы жалғана бермейді. Емле заңдарында оның мынадай ережелері көрсетілген: реттік сан есімдер араб цифрымен берілсе, -ыншы,-інші жұрнағының орнына дефис қойылып, рим цифрымен берілсе, дефис қойылмайды: 20-ғасыр / ХХ ғасыр, 10-мектеп, 5-қатар, 10-том / Х том т.б.; күн, жыл аттарымен тіркесіп келген сан есімдер араб цифрымен жазылса да, дефис қойылмайды; 2001 жыл, 26 ақпан т.б.; құрамында сан есімдері бар күрделі зат есімдер былайша жазылады;150 жылдық, 80 жылдық т.б. Ескеретін жағдай: аз сан /онға дейінгі/ кезінде сан есімдер сөзбен жазылады:бес пайыздық, үш күндік т.б.; Үкімет қаулылары жобаларының мәтіндерінде ақшалай соманы белгілеу сандық нысанда жазылып, сөзбен толықтырылады: 4358000 (төрт миллион үш жүз елу сегіз мың) теңге; құжат мәтіндерінде өлшем бірлігі атаулары толық жазылады: 5 мың метр, 16 тонна т.б.
Сонымен жазба тіл тәжірибесіндегі «норма ауысу» түбегейлі емес, жеке нормалардың өзгеруі түрінде ұзақ уақытта жүзеге асады. Сол сияқты күрделі атаулардың да жазылуы орфографиялық ережелер мен тілдік заңдылықтарды тұрақтандырып, нормаландыру арқылы жүзеге асады.
Ресми іс қағаздарының басты ерекшеліктерінің бірі: мұнда сөз тіркесі, сөйлем құрылымдары дайын қалыпта қолданылып, лексикалық норма қатаң сақталады.